National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімовті қабылдады

2016 жылғы 17 қараша

Кездесуде А.Есімов Елбасыға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық барысының қорытынды кезеңі туралы баяндады.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алғашқы нысандар тапсырылуға дайын, соның ішінде жалпы көлемі 285 мың шаршы метр болатын халықаралық павильондар бар.

– Франция, Германия, Қытай, Түркия және Венгрия елдерінің өкілдеріне павильондар беріліп те қойды. Алда тақырыптық павильондар құрылысын аяқтау міндеті тұр, – деді А.Есімов.

Елбасы ЭКСПО-2017 нысандарының іс-шара өткеннен кейін де пайдаланылуы қажеттігіне, сондай-ақ көрме жұмысына қатысатын волонтерлерді дайындау, мәдени іс-шаралар өткізу, республика өңірлерінің атсалысуы, халықаралық көрмеге отандық туристерді тарту мәселелеріне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа жыл соңына дейін Қазақстан павильонының құрылысын аяқтау және оны тиісті тақырыпқа сәйкес мазмұндық тұрғыдан толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.  

А.Есімов ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы барлық іс-шара жұмыс режімі бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде волонтерлердің 3 мыңы дайындықтан өткен, қосымша тағы 1,5 мың волонтерді іске тарту көзделуде.

Мемлекет басшысы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және халықаралық көрмеге қатысушылар мен қонақтарды орналастыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы бүгінгі таңда іс-шараға қатысушыларға берілетін 1 374 пәтердің дайын екенін хабарлады.

Мемлекет басшысы бүкіл әлемде болып жатқан күрделі экономикалық үдерістерге қарамастан маңызды халықаралық іс-шара өткізуді жоспарлап отырғанымызды айтты.

Соңында Елбасы көрмені лайықты өткізіп, содан кейін Қазақстанда оның жетістіктерін пайдалану қажеттігін атап өтті.

– Бізге шетелдік қатысушылардың көрмеде көрсететін жаңа инновациялық технологияларын барынша пайдалану қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің