National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

2016 жылғы 07 қараша

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ екі ел ынтымақтастығының ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың жайын талқылады.

– Жапония – біздің тәуелсіздігімізді осы 25 жыл бойы белсене қолдап келген мемлекеттің бірі. Сіздің елмен достық әрі әріптестік қарым-қатынасты дамыту Қазақстан саясатының басым бағыты болып саналады. Бүгін біз алдағы уақытта өзара іс-қимылымызға негіз болатын кең ауқымды мәселелерді талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бірлесе қабылданған мәлімдемеде екіжақты қарым-қатынасты дамытудың стратегиялық жолдары белгіленгенін атап өтті.

– Біз белсенді саяси диалогты жалғастыруға, байланысымызды барлық деңгейде дамытуға, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мейлінше жағдай жасауға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға, қазіргі замандағы сын-қатерлерге қарсы бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің республиканың Токиомен жан-жақты серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін және ол үшін қажетті әлеует бар екенін айтты. Бұл орайда Елбасы сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастың қозғаушы күші болып саналатынын жеткізді.

– Қазақстан – Жапонияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі. 2015 жылғы өзара тауар айналымының көлемі әзірге бір жарым миллиард доллар болып отыр. Алайда, бұл деңгей біздің әлеуетімізге сай емес. Біз жоғары технология, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы, көлік құрастыру және металлургия саласында өзара іс-қимылымыздың аясын ұдайы кеңейтіп отыратын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екі елдің іскер топтар өкілдерінің қатысуымен Токиода өтіп жатқан Қазақстан мен Жапония үкіметтері және жеке сектордың экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының алтыншы отырысы жер қойнауында сирек кездесетін металдарды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қосымша тұғырнама қызметін атқаратын болады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті келіссөздер барысында гуманитарлық байланыстардың аясын кеңейту мәселелері қарастырылғанына назар аударды.

– Бүгінде Жапония – мемлекетаралық қарым-қатынастың, соның ішінде Орталық Азиядағы мемлекетаралық қарым-қатынастың лайықты архитектурасын қалыптастыру үдерісіне қатысушы басты елдің бірі. Біздер – Біріккен Ұлттар ұйымының тұрақты емес мүшелеріміз және бірлескен жұмысымызды ядролық қарусыз әлем үшін күреске арнауға уағдаластық. Бұл – жалпыадамзаттық міндет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жапония Премьер-Министрі Қазақстан Президентінің сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығы қарсаңына тұспа-тұс келгенін және Токио үшін бұл қатынасты одан ары нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан ары дамытуға бағытталған бірлескен Жапон-Қазақстан мәлімдемесіне қол қойғанымыз мені қуантады. Бұл құжат біздің алдағы ынтымақтастығымыздың бағыт-бағдарына айналады, олардың ішінде Жапония маңызды деп есептейтін мынадай мәселелер бар: Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту, Қазақстан аумағындағы жапон компанияларының жұмысына жәрдемдесу, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) мәселесі және тағы басқалары, – деді С. Абэ.

Жапония Премьер-Министрі халықаралық қоғамдастық үшін Орталық Азиядағы тұрақтылықтың өте маңызды екеніне тоқталды.

– Бүгінгі кездесуде ашық пікір алмасылып, соның ішінде жалпы Орталық Азия мәселелері бойынша әңгіме болды. Сондай-ақ келесі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, соған орай бүгінгі келіссөздерде халықаралық мәселелерді жан-жақты талқыладық, – деді С.Абэ.

Бұған қоса, жапон лидері екі елдің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолдау көрсету жөніндегі конференцияның тең төрағалары ретінде тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанына да назар аударды.

– Мен алдағы уақытта да Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Жапония мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты белсенді түрде дамытуға бар күш-жігерімді саламын, – деді С.Абэ.

***

Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы «Азияның өркендеуі дәуіріндегі ерекше стратегиялық әріптестік туралы» Қазақстан Республикасы мен Жапонияның бірлескен мәлімдемесі;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Жапонияның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен Жапонияның сыртқы сауданы дамыту жөніндегі ұйымы (ДЖЕТРО) арасындағы Жапонияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатыны туралы шарт;

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Жапонияның құнды қағаздар бойынша диллерлер бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Жапонияның дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап визалық талаптардан босату туралы ноталар алмасылды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің