Жаңалықтар

13 қыркүйек 2012
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак Балқаш ЖЭС құрылысын іске қосудың салтанатты рәсіміне қатысты

Балқаш жылу электр стансасының құрылысын бастап беру рәсімі барысында Мемлекет басшысы бұл миллиардттық жоба Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.

Балқаш жылу электр стансасының құрылысын бастап беру рәсімі барысында Мемлекет басшысы бұл миллиардттық жоба Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.

- Соңғы жылдары Қазақстанда экономиканың қарқынды дамуы және экономикалық базаны әртараптандырудың ұдайы өсуі электр энергиясына сұраныстың артуына әкеп соқтырды. Электрмен сенімді жабдықтау республикамыздың тұрақты экономикалық дамуының қажетті шарты болып табылады. Электр энергиясымен қамтамасыз етпейінше, елдің индустриялық дамуы мүмкін емес. Біз әсіресе қысқы маусымда оңтүстік облыстарда электр энергиясының тапшылығын әрдайым сезінеміз. Осы жоба аяқталған кезде біз толықтай энергиялық тәуелсіздікке ие боламыз. Қуаттылығы 1320 МВт болатын Балқаш ЖЭС Қазақстанның оңтүстігіндегі электр энергиясына деген тапшылықты жабады, мемлекеттің Бірыңғай энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттырады және біздің экономиканың энергиялық қарқынының өсуін қамтамасыз етеді. Заманауи технологиялар мен әлемдік өндірушілердің қуатты энергия блоктарын қолдану электр энергиясы өндірісінің үнемділігін арттырады және табиғатты қорғау нормативтерін сақтауды қамтамасыз етеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті осындай ірі құрылыс нысандарында мол тәжірибесі бар Корея инвесторларының бұл жобаға қатысуы қазақстандық мамандардың әлемдік тәжірибені қабылдауларына және жоғары білікті кәсіби мамандардың жаңа тобының қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті.

- Бүгін еліміз үшін маңызы зор энергетикалық жобаның құрылысын Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы жемісті ынтымақтастықтың арқасында, Президент Ли Мён Бакпен келісім бойынша іске қосып отырмыз. Бүгін біздің елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастар стратегиялық деңгейге шықты, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев табиғат қорғаудың жоғары стандарттарын сақтау электр стансасын жоғары экологиялық талапқа сай жасайтынын және ол еліміздегі өзге стансалар үшін үлгіге айналатынын атап өтті.

Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак өз сөзінде екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнаған кезінен бастап, мәдениет саласындағы ортақ құндылықтар мен экономикадағы елеулі жетістіктердің негізінде достық және серіктестік өзара қарым-қатынастар дамып келе жатқанына тоқталды.

- Нұрсұлтан Назарбаевқа Балқаш ЖЭС құрылысы жөніндегі жобаны іске асыруға баса назар аударғаны үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді және бұл жобаны толық іске қосуда алда да қолдау көрсететініне сенемін. Бүгінде, әлемдік экономикадағы қолайсыз жағдайға қарамастан, Қазақстанда елдің барша халқының қолдауына негізделген тұрақты өсу байқалуда. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен бір миллиард долларға тең, бұдан 20 жыл бұрынғы деңгейден 100 есе артты. Оңтүстік Кореяның Қазақстанға инвестициясының көлемі шамамен 3 миллиард долларды құрайды. Бұл орайда біздің еліміз ТМД елдері арасында Қазақстанға ең көп инвестиция салған мемлекет болып саналады. Балқаш ЖЭС құрылысының алғашқы тасын қалау Корея мен Қазақстанның ірі ауқымдағы энергетикалық жобасы болып есептеледі. Сондай-ақ ол - біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың нақты дәлелі. Стансаның құрылысына және алдағы уақытта басқару ісіне әлемдік деңгейдегі мол тәжірибесі бар және тиісті технологияға ие Sаmsung и Korea Electric Power Corporation тәрізді ірі корейлік компаниялар тартылатын болады. Балқаш көлінің ластанбауы үшін станса ең озық әлемдік экологиялық талаптарға сәйкестендіріледі және Қазақстандағы ең экологиялық таза станса қатарына қосылады, - деді Ли Мён Бак.

Балқаш ЖЭС құрылысы бойынша жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ Korea Electric Power Corporation және Samsung C&T Corporation сияқты Корей консорциумымен бірге іске асырады. Балқаш ЖЭС-ының бірінші модулі әрқайсысы 660 МВт бойынша екі энергия блоктарынан тұрады. Электр стансасының бірінші блогын 2017 жылдың желтоқсан айында, екінші блокты 2018 жылдың сәуірінде пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 2,3 млрд.АҚШ долларын құрайды.

Бұл жобаны іске асыру электр энергиясын жылына 9 млрд. кВтсағатқа дейін қосымша өндіруге мүмкіндік береді, Қазақстанда электр қуаты мен энергиясының бірыңғай энергетикалық жүйесіне тапшылықты төмендетуге және электрмен жабдықтауда тұтынушылардың сенімін арттыруға мүмкіндік туғызады.

Жоба жоғары әлеуметтік мәнге ие. Балқаш ЖЭС-сын пайдалануға беру оның құрылысын жүргізу кезінде 3,5 мың жұмыс орнын ашуға, станса жұмысы басталған соң 900 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу