Жаңалықтар

8 қараша 2018
Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясына қатысты
Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайы

Мемлекет басшысы кеңейтілген құрамда өткен жиын барысында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалығы кезінде қол жеткізілген нәтижелер жөнінде айтты.

– Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын беделді әрі тиімді құрылым деп санайды. Оған мүше елдердің белсенді әрі жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында биыл Қазақстанның төрағалық ету барысындағы басымдықтары табысты іске асты, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жоспарға сәйкес әскери салада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының біріккен штабын құру және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісу үшін әзірлік жұмыстарының аяқталғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстан аумағында өткен «Жауынгерлер бауырластығы – 2018» әскери оқу-жаттығуының нәтижелері жөнінде де айтты.

– Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысында Қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің төрағалығы кезінде терроризмнен ада әлемге қол жеткізу жолын көрсететін әмбебап кодекс қабылдау туралы бастамамыздың жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл құжатты 70-тен астам мемлекет мақұлдаған.

Мемлекет басшысы кибер-қатерге қарсы іс-қимыл және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі бірлескен жұмыстардың нәтижелері жөнінде айтты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы серіктесінің және ұйым бақылаушысының мәртебесін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу