National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстанның бастамалары Ислам ынтымақтастығы ұйымы ХІІІ саммиті аясында қолдау тауып, Қорытынды коммюнике жобасына енгізілді

2016 жылғы 14 сәуір

 

Саммитке қатысушылар биылғы 13 сәуірде қабылданған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Р.Ердоғанның Ислам әлеміндегі татуластық үдерісі жөніндегі бірлескен декларациясын құптады. Осыған байланысты қақтығыстар мен дауларды реттеу мәселелері бойынша ізгі ниет пен ерік-жігер таныту және сындарлы қадам жасау арқылы мұсылман әлеміндегі қарым-қатынастың жаңа парадигмасы ретінде Ислам әлеміндегі татуластық үдерісін іске асыруды бастауға шешім қабылданды. Бұл ретте бір-бірінің ішкі ісіне араласпау қағидатын сақтай отырып, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің достық қатынастарын жалғастыру және Ислам үмбетінің бірлігін нығайту көзделген.  

Бас хатшы ұйымға мүше мемлекеттермен консультациялар өткізіп, қажет болған жағдайда жұмыс тобын құру арқылы Ислам әлеміндегі татуластық үдерісі бойынша жалпыға ортақ іс-қимыл жоспарын ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі сессиясында ұсынады.

Сондай-ақ саммит ұйымның мамандандырылған жаңа органы ретінде Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру бастамасын құптайды және аталған ұйым ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің осы маңызды саладағы ынтымақтастығын нығайту ісінде белсенді рөл атқарады деп сенеді. Осы бастаманың стратегиялық маңызын ескере отырып, Саммитің қорытынды құжаты ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оның Жарғысын мүмкіндігінше тезірек ратификациялауға, сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Бас ассамблеясының 2016 жылғы 28 сәуірде Астанада өтетін инаугурациялық сессиясына жоғары деңгейде белсене қатысуға шақырады.   

Саммит Қазақстан Президентінің орнықты және инклюзивті экономикалық өсімге, өңірлік интеграцияға, ИЫҰ елдері арасында жақындық пен ынтымақтастық орнатуға бағытталған «Ислам инфрақұрылымдық ықпалдастығы» бастамасын жүзеге асыру туралы негіздемелік ұсынысын қолдады. Сондай-ақ Коммюнике арқылы мүше мемлекеттерге, Ислам даму банкі тобына, ИЫҰ  органдары мен институттарына ынтымақ танытып, тұрақты қолдауды қамтамасыз етіп, жоғарыда аталған бастамаларды келесі онжылдық ішінде жүзеге асыру үшін ресурстарды іс жүзінде имплементациялау мен жұмылдыруға арналған кешенді Стратегиялық бағдарлама/жол картасын әзірлеуге жөнінде үндеу тасталды.

Саммитте Қазақстан Президентінің 2017 жылы ИЫҰ-ның ғылым мен технология жөніндегі саммитін «ЭКСПО-2017» аясында өткізу туралы ұсынысы қолдау тапты, сондай-ақ ИЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттер орнықты даму және энергия тиімділігі саласындағы мақсаттарға жету үшін ғылыми-техникалық, саяси және мәдени ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін ұсынатын, «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтетін халықаралық мамандандырылған көрменің жұмысына қатысуға шақырылды.  

Саммит БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жаңа мүшелерін іріктеу үдерісінде әділ әрі теңқұқылы географиялық өкілдік ету қағидаттарын қаперге ала отырып, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне бірінші рет ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдауға шақырды.

Саммит ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның Сириядағы дағдарысты реттеуге және осы елдегі бейбітшілікті қалпына келтіруге қосқан ұлттық үлесін жоғары бағалады.

Қорытынды коммюнике ұйымға мүше барлық мемлекетті терроризммен күрес жөніндегі жалпыға ортақ конвенцияны жетілдіру және қабылдау жұмыстарын келісе отырып жалғастыруға үндейді, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ аясында Жаһандық антитеррорлық коалиция құру жөніндегі ұсынысын назарға алды.

Саммит 2016 жылы 6 мамырда Нью-Йоркте БҰҰ аясында «Діндер бейбітшілік үшін» форумын өткізуді құптады.

Саммит Қазақстанда өшпенділік пен экстремизм идеологиясына қарсы толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруды көздейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің өткізілуіне жоғары баға берді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің