National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Парламенттің алтыншы шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

2016 жылғы 25 наурыз

 

Құрметті депутаттар!

Баршаңызды алтыншы шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуымен құттықтаймын!

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесін еліміз жаңа құрамдағы Парламентпен қарсы алуда. Сайлаудың қорытындысы бойынша Парламентке 3 партия және Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат өтті. Баршаңызды тең бәсеке жағдайында өткен сайлаудағы ортақ жеңіспен, депутаттарды жауапты қызметтерімен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жаһандық даму тұрғысынан аса күрделі кезеңге сәйкес келді. Әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз сіздерге зор сенім білдірді. Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі. Бұл сайлау ерекше өтіп, халықтың белсенділігін көрсетіп берді. Бүкіл дүниежүзіне біз осы жылдар ішінде заңды, ашық түрде баламалы сайлау өткізе алатынымызды дәлелдедік. Дүние жүзінің сарапшыларынан да, байқаушыларынан да оң баға алдық. Бұл да біз үшін зор жетістік болып саналады. 

Құрметті депутаттар!

Сіздерді алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісі жұмысының басталуымен құттықтаймын. Өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи маңызы бар. Оның нәтижесі қазақстандықтардың бүгін мен болашақтың біртұтас ұлты ретіндегі жоғары деңгейде топтасқандығының деңгейін дәл аңдатты. Біздің сайлау қазақстандық біртектілікті нығайтқан тарихи актіге айналды. Сайлауда дауыс беру Ұлт Жоспарын қолдауда бүкілхалықтық плебисцит болды. Біздің халқымыз «Нұр Отан» партиясына саяси көшбасшылықты тағы да сеніп тапсырды. Мен барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жылы өткен сайлаудың тарихи нәтижелерімен тағы да құттықтаймын. Сондай-ақ, Мәжілістің жаңа құрамының барлық депутаттарын парламентшілер мәртебесіне ие болуымен құттықтаймын.

Құрметті депутаттар!

Парламенттің жаңа құрамы жұмысын айрықша қиын кезеңде бастайтын болады. Бүкіл әлемде көп өлшемді және көп деңгейлі дағдарыс белең алып тұр. Біріншіден, әлемдік сауда және қаржы нарықтарына қатысты болжам айту қиын. Ол Қазақстан экономикасына теріс әсер етеді және Қазақстанның жаһандық экономикаға қосылуының объективті тәуекелінің бағасы болып табылады. Екіншіден, тіпті салыстырмалы түрде жайлы елдердің өзінде де түрлі әлеуметтік проблемалар түйіндері өсе түсуде. Ол жұмыссыздықтың өсуімен, тек әскери дау-жанжалдар аймағында ғана емес, сонымен бірге, жаһандық экономикалық дағдарысты қиындықпен бастан өткізіп жатқан мемлекеттердегі босқындардың жаңа жаһандық проблемасы арқылы да өрши түсуде.

Бүгінде, тұтастай алғанда, әлем дамуы күрделі сатыда тұр. Экономикада да, геосаясатта да ешкім үшін қарапайым шешімдер болмақ емес. Бұл тұрғыда қандай да бір қиялдарға барудың қажеті жоқ. Ашығын айтайын, екшелген мемлекеттік шешімдерсіз, өткен 3 жылда қабылданған жаңа заңдар мен стратегиялық бағдарламаларсыз ахуал бүгінде әлдеқайда шиеленісті бола түсер еді. Оның біздің стратегиялық мақсаттарымызға да, «2050» стратегиясының, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының, Ұлт Жоспарының және басқалардың тактикалық міндеттеріне де қатысы бар.

Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүруде. Ол 59 заңның және 400-ден астам заңастылық актілердің қабылдануы арқылы қалыптасты. Кеше тек жоспар ғана болған істер  бүгінде шындыққа айналды. Әрбір қазақстандық үшін әлемнің ең бір дамыған елдерінде орын алып отырған жайттарға ұқсас жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда.

Мемлекеттік аппаратты меритократия жағдайында қандайда бір көлеңкелі жағдайларсыз және жеке бас қалауынсыз жұмысқа ынталандыратын шаралар қабылданды. Командалық ауысу тәжірибесі тоқтатылды. Егер өткен жылдың 3 айында 1722 шенеунік ауыстырылса, биылғы жылы – небәрі 90 адам. Тең мүмкіндіктер жүйесі ретінде мемлекеттік қызметтің мансаптық жаңа моделі бекітілді. Мемлекеттік қызметке ең білікті және сауатты мамандарды іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Мемлекеттік аппаратта бұдан былай еңбекке ақы төлеуде теңгермешілік болмайды. Кім жақсы жұмыс істесе, сол көп табыс табатын болады. «Б» әкімшілік корпусы үшін еңбекақы мөлшері өсірілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаңа министрлік жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық көріністері алдына жаңа тосқауылдар қойылды. Мемлекеттік қызметті реформалау әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді қайта аттестаттауға байланысты шешуші сатыға шықты.

Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Сот залдарының оның жалпы санының 75 пайызы аудио-бейне тіркеулер жүйесімен жарақтандырылды, және бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Судьялар корпусының кәсіптік деңгейін арттыру үшін жыл сайын судьялыққа 100 кандидат тәжірибелік тағылымдамадан өтетін болады. Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Биылғы жылдың тек екі айында ғана 50 азамат Судьялық жюриге соттардың іс-әрекеттеріне шағым айтудың жаңа құқығын пайдаланды.

Көптеген атқарушылық өндірістер құзыреті жеке сот орындаушыларына берілді. Олар – бүгінде 1046 адам. 6634 учаскелік полицейлерден тұратын жергілікті полиция қызметі құрылды. Полицейлердің тұрғындар алдында есеп беру тәжірибесі енгізілуде. Бүгінде әрбір азамат интерактивті мүмкіндікті пайдалана отырып, құқық қорғау органдарының жұмысына баға бере алады. Электронды «Қылмыстылық картасы» жұмыс істейді.

Жоғарыда аталған екі бағыт бойынша бүгінде шенеуніктердің кейбір міндеттерді тағы да «өз бетімен жіберуге» деген ниеттері байқалады. Біз белгілеген 100 қадамнан жергілікті жердегі шенеуніктердің пайдасына қарай ештеңе де түзетілуге тиіс емес. Бұл туралы жауапты адамдарға тағы да ескертемін.

Бизнесті дамыту мүддесі үшін экономика мен еңбек қатынастары саласындағы ұлттық заңнамалар түбегейлі түрде қайта жаңартылды. Фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарды қоса, отандық ірі, шағын және орта бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар мен ынталандыру шаралары жасалды. Бүкіл ел бойынша жаңа өндірістер мен жұмыс орындары пайда болады. Таяудағы 10 жылда 660 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда, оның 70 мыңы – өңдеу және инновация секторларында.

Ұлттық экономикаға жаңа инвестициялық серпін берілді. «Бизнесті оңай жүргізу» рейтингі бойынша біздің еліміз 189 елдің ішінде 41-ші орын алады. Еңбек рыногының тиімділігі бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 18-ші орында тұр. Шетелдік инвесторлар үшін «жасыл дәліз» ашылды. Аграрлық секторға Германиядан, Италия мен Қытайдан стратегиялық инвесторлар тартылды. Олардың қатысуымен Ақмола облысында 2 ірі тауарлы кәсіпорын – сүт фермасы мен зауыт салу көзделіп отыр. Сол сияқты, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылдық жалпы қуаты 37 мың тонна өнімді құрайтын заманауи ет комбинаттары құрылысының жобалары да бар. Оларға салынатын жалпы инвестициялар көлемі – шамамен 66 миллиард теңге. Жеке меншіктің 74,4 мың субъектісі мен жалпы құны 576 миллиард теңге болатын құнды қағаздар, сондай-ақ көлемі 334 миллиард теңгеге жуық қаржы заңдастырылды.

Құрылыс саласы жаңа тынысқа ие болды. Ол еурокодтар жүйесіне көшірілуде. Рұқсат беру құжаттарын ұсыну мерзімдері 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Құрылыс жөніндегі сараптамалық жұмыстардың 50 пайызы бәсекелестік ортаға берілді.

Қазақстанда жаһандық логистиканың бір бөлігі ретінде мультимодальды Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз қалыптастырылуда. Қытайдың Ляньюньган портындағы Қазақстанның логистикалық аймағының өзі ғана біздің аумақ арқылы жүк ағынын 7 есе ұлғайтатын болады. Еуропалық комиссия «Эйр Астана» әуе компаниясының ЕО елдеріне ұшуларына қатысты барлық шектеулерді алып тастады.

Денсаулық сақтаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жаңа заңның негізінде ғылыми жобаларды жүзеге асыру мен коммерцияландырудың бірегей жүйесі құрылуда. 5 отандық ғылыми талдамалар қазірдің өзінде коммерцияландырылуда. 6 қазақстандық колледж жаңғырту жұмысы үшін Дүниежүзілік банктен жалпы құны 425 миллион теңге болатын гранттар алды. Бұл – «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру үшін маңызды қадам.

Қазіргі уақытта Ассамблея қолдауымен қазақстандық біртектілікті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Төртінші реформа – ол, ең алдымен, жаңа қоғамдық қатынастар, қоғамның және мемлекеттің жаңа функциялары мен жаңа институттары. 4 реформа бойынша бұл жұмыстардың бәрі мен бекіткен Жарлықтар арқылы үш негізгі тұжырымдама бойынша жүргізілуде. Ол – Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы; Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы; Мәдени саясат тұжырымдамасы.

Бүгін біздің Ассамблея алғаш рет азаматтық үкіметтің жаңа қоғамдық қызметі ретінде жұмыс істей бастады. Халық Ассамблеясы алғаш рет әлеуметтік меритократияның жүйесі ретінде іс-қимыл танытатын жаңа бірегей әлеуметтік лифт ретінде іске кірісті. Енді Ассамблея ҚХА-ның мемлекеттік, азаматтық және қоғамдық құрылымдарында мансап жолымен өрлеу үшін әркімге жаңа мүмкіндіктер береді. Алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық инклюзивті медиация желісі құрылып, жұмыс істеуде. Бұлар – Медиация орталықтары, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі, ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық кеңесі, Ассамблеяның 16 өңірлік ғылыми-сараптамалық тобы.

«Кері байланыстың» нақты жүйесі құрылған. Оның қорытындысы ретінде этносаралық үдерістерді басқарудың жаңа тиімді вертикалы іске асырыла бастады. Қайырымдылық алғаш рет ҚХА-ның жаңа қоғамдық функциясына айналды. Меценаттар мен қайырымдылық жасаушылардың 300 ірі пулы жұмыс істейді, көмек қажет ететіндердің республикалық деректер базасы құрылған. Тұңғыш рет қайырымдылық жасаушылардың жалпыұлттық съезі өткізілді. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы шеңберінде 4800 елді мекенде 7000 іс-шара ұйымдастырылды.

Білім беру мен ғылымның жаңа бағдарламасы жұмыс істей бастады. Ол өмір бойы оқытуға қайта бағдарланған және еңбек нарығының сұранысына, білікті кадрлар дайындауға қарай бағытын өзгертіп отырады. Мұндай қадам мобильді жұмыс күші және нәтижелі еңбекпен қамту үшін орта қалыптастырады. Жоғары оқу орындарында халықаралық стандарттар бойынша аккредиттеу енгізіліп, сырттай оқыту қашықтықтан оқытумен алмастырылады. Балалар 100% мектепке дейінгі оқытумен қамтылатын болады.

Келесі жылдан бастап-ақ біз кезең-кезеңімен үштілді білім беру жүйесін енгізуді бастаймыз. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толықтай көшу қамтамасыз етілетін болады. Әр мектеп бітіруші алғашқы жұмысшы мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алады. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Жер шары халқының 50 пайызын «цифрлық балалар» құрайтын болады. Мектеп оқушыларының жаңа буынына толықтай цифрлық әлемде өмір сүру, оқу және жұмыс істеу бұйырмақ. Сондықтан мектептерді ақпараттандыруды жалғастыру қажет. Мұнсыз білім беру ісіндегі жаңа міндеттерді шешу мүмкін емес. 2,5 мың мектеп қазірдің өзінде интернетке қосылған. Тағы 1500 мектепті қосу үшін қаржы бөлінген. Көптеген елдердің үкіметтері осы мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Бізде де солай болуға тиіс. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, барлық мектептерде интернеттің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл арада ұлттық операторлар әлеуметтік жауапкершілік танытып, мектептер үшін арнаулы тарифтер ұсынуы керек.

Біз ЭЫДҰ-мен интеграцияланудамыз, бұл ретте біз дәйекті болуға тиіспіз. Барлық дамыған елдердің мектептерінде бес күндік оқыту аптасы қалыптасқан. Балаға қалпына келуге, педагогқа демалып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беріледі. Кейбір елдерде тіпті төрт күндік оқыту аптасы да бар. Мұндай форматқа көшу – бүгінде дамыған елдердің жалпыәлемдік үрдісі (тренді). Ғалымдар қазірдің өзінде оқыту аптасының ұзақтығын қысқарту оқытудың нәтижелілігін арттыратынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Бізге де осы тәжірибені енгізу керек. Білім және ғылым министрлігі бұл үдерісті тым болмаса бастауыш мектептерден бастауы керек.

Мен Қазақстанда 20 зияткерлік мектеп салу туралы айтқан едім. Бүгінде олардың бәрі салынып бітті. Бұл – мектепте білім берудегі өте маңызды серпіліс. Оларда білім берудің жаңа мазмұны сыннан өтеді. Қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Осы жылы оны тағы 30 мектептің бірінші сыныбында енгізу жоспарланып отыр. Бірақ бұл жұмыс тым баяу жүргізілуде. Зияткерлік мектептерде табысты өткен тәжірибелер бүкіл елімізде  үш немесе әрі кеткенде төрт жылда енгізілетін болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігіне осы жұмысты қамтамасыз етуді тапсырамын.

Есеп беретін мемлекет қалыптастыру реформалары аясында маңызды шаралар қабылданды.

Біріншіден, барлық министрліктер мен әкімдіктерде жаңа заңнамалық негізде ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылуда. Олар мемлекеттің саясатын жасап, жүзеге асыруда бүкілхалықтық бақылау тетігіне айналуы тиіс.

Екіншіден, мемлекеттік жоспарлау ісін оңтайландыру жүзеге асырылды. Түрлі деңгейдегі 8 бағдарлама жоюға қойылып, 4 салалық бағдарлама үкіметтік үлгіде қайта бекітілді. Стратегиялық жоспарларды жаңғырту стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз етіп, бұл өз кезегінде құжат айналымы көлемін қысқартты.

Үшіншіден, мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Мемлекеттік органдар, әкімдер мен ұлттық университеттер басшыларының жыл сайын халық алдында есеп беру тәжірибесі енгізілді. Астана, Алматы және барлық облыстар әкімдері есеп берді. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында министрлер, ал үшінші тоқсанында ұлттық университеттердің ректорлары есеп беретін болады.

Төртіншіден, көлікке және елді мекендердегі жерге салықтар заңды тұлғалардан жергілікті өзін өзі басқару органдарына өткізілді.

Бесіншіден, «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы құрылды.

Осылайша, Ұлт Жоспары қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстанның экономикасын жаңа жаһандық ахуалда дамытуға қызмет етуде. Бұл бізді жүзжылдықтағы басты мақсатымыз – 30 көшбасшы елдер қатарына қосылуға жақындатып, қоғамымызды берігірек, лайықтырақ  және сенімдірек ете түседі.

Құрметті депутаттар!

Алтыншы шақырылымдағы Парламент алдында бұдан арғы заң шығару жұмысы бойынша бірқатар маңызды міндеттер тұр.

Біріншіден, барлық қаржы процедураларының жариялылығын қамтамасыз ететін біртұтас салық және кеден кодекстерін қабылдау қажет. Екіншіден, «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің қабылдануы арқылы аталған саладағы қарым-қатынастарды реттейтін барлық нормалар бір заңнамалық актіге шоғырландырылатын болады. Үшіншіден, қолданыстағы электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Бұл қуат таратушы ұйымдарды ірілендіру үдерістері үшін талап етіледі. Төртіншіден, монополияға қарсы саланы реформалаудың екінші кезеңі шеңберінде бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бесіншіден, мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беруді одан әрі жалғастыру саласында заңнаманы жаңғыртқан жөн. Жергілікті өзін өзі басқару органдарының мәселелері бойынша заңнамалық актілер олардың өз бюджеттері мен меншіктерін тиімді басқаруы үшін жетілдірілуі тиіс.

Әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарды дамыту, әлбетте, Парламентті қоса алғанда, мемлекеттік органдардың жұмысына өз түзетулерін енгізетін болады. Мәжіліс депутаттары заң шығару үдерісінде Парламент Сенатымен арада өзара сындарлы іс-қимыл таныту дәстүрін жалғастыратынына сенімдімін. Мәжіліс өкілеттілік ететін барлық кезеңде заң шығару жұмысының перспективті жоспарын жасау маңызды міндет болып табылады. Жаңа жағдайда тұтас Парламенттің және оның әр палатасының жалпы саяси рөлі мен жауапкершілігі артып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Парламентарийлердің партияаралық өзара іс-қимылын күшейтіп, барлық фракциялар мен депутаттық топтардың үйлесімді жұмысына қол жеткізу керек. Қазақстандық депутаттардың халықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсене қатысуы – маңызды міндет. Жаңа депутаттардың жұмысқа жедел қосылатынына, ал бұрынғы құрам депутаттарының сабақтастықты қамтамасыз етіп, «жаңа арнаға» жедел көшетініне сенімдімін.

Құрметті депутаттар!

Сіздер сайлану арқылы жауапкершілік алдыңыздар. Елдің сеніміне ие болдыңыздар. Баршаңызды тағы да құттықтай отырып, елімізге тыныштық пен амандық, өздеріңізге денсаулық және алдағы үлкен еңбек жолында барлығыңызға зор табыс тілеймін.

Астана қаласы, 2016 жылғы 25 наурыз


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің