Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

20 қараша 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезіне қатысты

Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының алтыншы съезі «Қазақстан –2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыруға кіріскен жауапты тарихи сәтте өтіп жатқанына тоқталды.

 

Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының алтыншы съезі «Қазақстан –2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыруға кіріскен жауапты тарихи сәтте өтіп жатқанына тоқталды.

– Біз Жаңа саяси бағыттың барлық векторлары үшін басымдықтар мен міндеттерді айқындаудамыз. Ол біздің стратегиялық мақсатымызға – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға бағытталған. Бұл – барлық билік органдарының, соның ішінде сот жүйесінің барлық өзге де міндеттері сәйкестендірілетін негізгі мақсат. Ұлттың жетілгендігінің XXI ғасырдағы аса маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот жүйесінің болуы. Тәуелсіз және әділетті сот – кез келген мемлекеттің қызметінің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуал да, азаматтар әл-ауқатының жоғары деңгейі де, қоғамның табысты дамуы да мүмкін емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті осының алдындағы судьялар съезі өткеннен бергі төрт жыл ішінде Қазақстанның сот жүйесі Жаhандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде «Тәуелсіз соттар» өлшемі бойынша өз көрсеткішін 23 позицияға жақсартқанын атап өтті.

– Құқықтық жүйені реформалау жөніндегі жұмысты, әсіресе оның өзегі – сот төрелігі жүйесін күшейту қажет. Біздің құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін оның көпшілік құқығындағы да, жеке құқықтағы да барлық негізгі салаларында арттыру – «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты міндетінің бірі. Қазір сот билігі тармағының беделін, тәуелсіздігі мен тиімділігін арттыру жөнінде ауқымды жұмыстардың басым бағыттары мен нақты тетіктерін анықтау маңызды. Судьялардың VI съезінің басты мақсаты осында деп білемін, – деді Мемлекет басшысы.   

Ұлттық сот жүйесін дамыту перспективаларын айқындай отырып, Мемлекет басшысы басты басымдықтарды белгілеп берді.

– Соттар қызметінің заңнамалық және процессуалдық нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Қазірдің өзінде қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық атқару және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңа кодекстердің жобалары дайын. Олар ұзақ уақыт мұқият әзірленді. Оларда соттардың жаңа құзыреттері, соның ішінде сот өндірісінің оңайлатылған тәртібі қарастырылған. Соттың істерді қарауы барысында соттардың бақылау жасау және өкілеттік аясы кеңейтілуде. Бұл кодекстердің тезірек қабылдануы және іс жүзіне асырылуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ, азаматтық сот өндірісін жаңғырту қажет. Үкіметке Жоғарғы Сотпен бірлесіп жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасын әзірлеуге кірісуді тапсырамын. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және  тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталған болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.                

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті әсіресе әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарын енгізуде жатқанын атап өтті.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ұлттық сот жүйесі қоғамдағы тұрақтылықтың, құқықтың үстемдігінің, қоғам мен мемлекет мүдделерін мүлтіксіз сақтаудың, қазақстандықтардың құқығы мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепілі болуға тиіс екеніне тоқталды.

– Қазақстан судьялары қауымдастығының халыққа қызмет етуінің зор маңызы осы. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыру жөніндегі күрделі жұмыстағы Қазақстан судьяларының басты борышы да осында. Мен Қазақстанның екі мыңнан астам судьялар корпусы Отанымызды жаңарту және нығайту жөніндегі біздің ұлы мақсатымыз бен міндеттерімізді іске асыруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Съезд барысында Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми, Ресейдің сот төрелігі академиясының ректоры, Ресей Федерациясы соттары жоғары біліктілік алқасының төрағасы В.Ершов, Украина Жоғарғы Сотының  бұрынғы төрағасы, Соттар кеңесінің төрағасы В.Онопенко, Ақмола облыстық сотының төрағасы А.Ештай, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Е.Максюта, Алматы облысы Қарасай ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Ж.Бердіғұлова және Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы С.Жанұзақов сөз сөйледі.  

Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам делегат, сондай-ақ таяу және алыс шет мемлекеттер өкілдері қатысты.      

Мемлекет басшысы сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу